Жыл басынан бері бес ай ішінде еліміздің экономикасы 3,7 пайызға өсті. Үкіметте өткен маңызды жиында отандық өндірістің жағдайы пысықталып, жауапты министрлер есеп берді. Қазіргі таңда шикізат қана емес, дайын өнім шығаратын өңдеу өнеркәсібі де жақсы дамып келеді. Әсіресе машина жасау саласында ілгерілеу бар. Биылдың өзінде елімізде 81 мыңнан астам жаңа автокөлік құрастырылды. Сонымен қатар, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын шығару ісі де айтарлықтай жақсарған. Ал ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі жүз пайыздан асып, жоғары көрсеткішті көрсетті. Жиында отын мен энергетика кешенінің де өзекті мәселелері талқыланды. Үкімет басшысы жоспардағы жаңа зауыттар мен инвестициялық жобаларды кешіктірмей іске қосуды тапсырды.