Енді диқандар судан тарықпайды. Жамбыл облысындағы егістік алқаптарды тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін 400 шақырымдық суару каналдары жаңартыла бастады. Бұл ауқымды жоба шетелдік инвестиция есебінен жүзеге асып жатыр. Өңірге арнайы барған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бірнеше аудандағы құрылысты өз көзімен көрді. Қазірдің өзінде «Исмаил», «Өтеміс», «Сеңкібай» секілді ондаған маңызды каналдардың табанына бетон төселіп, ескі бөгеттер жөнделіп жатыр. Мамандардың есебінше, осы жұмыстар толық аяқталғанда ағын судың далаға ысырап болуы тоқтап, мыңдаған гектар жаңа егістік алқаптарына су жетеді. Жауапты мекеме жұмыстың негізгі бөлігін жыл соңына дейін, ал қалғанын 2027 жылға қарай толық бітіруді жоспарлап отыр.