Астанада ірі шетелдік бизнес-қауымдастықтар, компания өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан-Еуропалық Одақ» диалог платформасының 19-шы отырысы өтті. Онда кедендік әкімшілендіру, геологиялық барлау, минералды ресурстар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Былтыр еліміз бен ЕуроОдақ елдері арасында тауар айналымы 45 млрд доллардан асқан. Ал, биыл 4 айда Қазақстан кәрі құрлық елдеріне 9 млрд доллардың тауарын экспорттаған. Басқосуда еліміздің түрлі ведомство өкілдері өзара келісім бойынша ұстанымдарын жеткізді. Ал, Премьер-министр Олжас Бектенов еуропалық әріптестерімен жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға әзір екенін айтты.