Түркістан
EN

Түркістандық тұрғын үйін туризм орталығына айналдырды

59
09.06.2026

Түркістандық тұрғын өз шаңырағын халықаралық туризм орталығына айналдырды. Бірақ мұнда қызмет үшін ешкім ақша төлемейді, тек мәдени құндылықтармен алмасады. Қарапайым ауыл үйінде бүгінге дейін 46 мемлекеттен келген жүзден астам шетелдік саяхатшы қонақ болған. Олардың арасында Африка мен Азияны шарлап келген тайваньдық жиырма бір жастағы турист те бар. Шетелдіктерді бес жұлдызды зәулім қонақүй емес, қарапайым тұрғынның тұрмысы мен ауылдың тіршілігі несімен қызықтырады? Орынбасар Сұлтанның ғажайыпқа толы шаңырағына әріптесім Дана Қазыбек барып қайтты.

 

Жиырма бір жастағы Кайчун Тайвань елінің тумасы. Мектепті тәмамдай сала «өзімді тану үшін әуелі әлемді танимын» деп саяхатқа шыққан. Жас жігіт Кенияның саванналары мен Занзибар аралдарын, Оманның шөлдері мен Оңтүстік Кореяны түгел шарлаған. Оның жаңа әлемді тану жолындағы жиырма жетінші аялдамасы - Қазақстан болды. Сапарын Алматыдан бастап, қаржысын үнемдеу үшін шатыр мен көлік ішінде түнеген. Ұлы даланың таңғажайыптарына еліткен ол нағыз шығыстық колоритті іздеп Түркістанға табан тірепті.