Киевте есірткі бизнесімен айналысқан call-орталықтардың желісі жойылды. Тергеу барысында алаяқтардың тұрғындарды заңсыз іске тарту үшін пайдаланғаны анықталды. Орталықтағы операторлар мен менеджерлер Қазақстанда есірткіні орап, жасырын орындарға қойып кететін адамдарды тауып, оларды заңсыз жұмысқа қабылдаған. Арнайы операция нәтижесінде 11 күдікті құрықталды. Олардың арасында ұйымдастырушылар, операторлар және заңсыз жұмысқа қабылдаумен айналысқан қызметкерлер бар. Тоғыз мекенжайда тінту жүргізіліп, шамамен 40 мың АҚШ доллары, 10 мың еуро, Range Rover автокөлігі, 18 ұялы телефон, 12 ноутбук пен планшет тәркіленді.
ЕЛДАР ӘБДІКЕНОВ – ҚР ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Қазір тәркіленген техникадағы мәліметтер зерттеліп жатыр. Сонымен қатар ұйымдастырушылардың аккаунттары анықталып, қаржылық тергеу жүргізілуде. Бұл call-орталықтардың жабылуы Қазақстан азаматтарын есірткі қылмыстарына тарту фактілерін азайтып, халықаралық есірткі бизнесін ұйымдастырушыларды жауапқа тартуға мүмкіндік береді.