Астанада LRT станцияларындағы қауіпсіздікті енді Ұлттық ұлан сарбаздары күзетеді. Өйткені тұрғындар мен қала қонақтарының заманауи транспортқа деген сұранысы жоғары. Жолаушылар саны күн санап артып келеді. Осыған байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті бақылау күшейтілмек. Астана аспанымен астасқан теміржол кешені тек көлік инфрақұрылымы емес, мыңдаған адам шоғырланатын стратегиялық аумақ. Мұндағы жолаушылар ағынының тығыздығы мен сұраныстың жоғарылығы станция ішінде ғана емес, оған іргелес аумақтарда да ерекше бақылауды талап етеді. Қазіргі таңда елордадағы 17 станцияның барлығында сарбаздар күзетте тұр.
АМАН ЖҮКЕНОВ - 5573 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ САРБАЗЫ
Біздің басты міндетіміз - қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, адамдардың тыныштығын күзету және де адамдарға керек кезде қол ұшын созу. Мысалы, ата-аналар өзінің балаларын жоғалтып алатын жағдайлар болады. Осындай кездерде біз бір-бірімізге рация арқылы шығып, тез арада балаларын тауып береміз. Бізде жауапты қызмет екі ауысым бойынша жүреді. Бірінші ауысым сағат 07:00-ден 13:00-ге дейін, екінші ауысым сағат 17:00-ден 23:00-ге дейін. Осы қызмет біздің астанамыздың көркі болғандықтан, осындай жауапкершілікті қажет ететін жерде қызмет атқару өзіме ұнайды.