Қоршаған ортаны қорғау күнінде экологтар марапатталды

20
2026-06-05

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Осыған орай Түркістандағы «Парасат» саябағында арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Жиын барысында сала мамандары марапатталып, тазалық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері көтерілді. 

Табиғатқа жанашырлық танытып, қоршаған ортаны қорғауға үндеу. Түркістандағы «Парасат» саябағында өткен іс-шараның негізгі мақсаты осы. Жиынға эколог мамандар, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысты. Шара барысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды.

 

НҰРБОЛ ТҰРАШБЕКОВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

 

Бұл бағыттағы мемлекет басшысының біршама уақыттан бергі «Таза қазақстан» бағдарламасы аясында берілген тапсырмасы бір айлық не бір тоқсандық науқан емес. Қазіргі таңда ол өздеріңізбен бірге атқарылған күнделікті біздің тек облысты таза ұстау емес, адамды сол экологиялық мәдениетке тәрбиелеу біршама жұмыстар атқарылуда. 

 

Мерекелік жиын барысында қоршаған ортаны қорғау саласында еңбек етіп жүрген бірқатар маманға құрмет көрсетілді. Олардың қатарында көп жылдан бері табиғатты қорғау бағытында қызмет атқарып келе жатқан экологтар мен сала ардагерлері бар. Үздіктерге облыс әкімінің Алғыс хаты мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасы табысталды.

 

ӘБИБУЛЛА ҚОҢЫРБАЕВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

Бүкіл дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралардың нәтижесінде мені облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Еңбегімізді елеп, жұмысымызды әрі қарай жалғастыра беруге сенім артты. Сол сенімді жалғастыруға тырысамыз. 

 

Іс-шара мерекелік концертпен жалғасты. Ал шара соңында қатысушылар жалпы аумағы 14 гектар болатын «Парасат» саябағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, ағаштардың діңін әктеу акциясына қатысты.