Елімізде орамжапырақ қымбаттап кетті. Былтыр ғана келісі 100-150 теңге тұрған көкөніс биыл 300 теңгеден асқан. Ал кейбір өңірлерде оның бағасы 700 теңге дейін жеткен. Ауыл шаруашылығы министрлігі мұны маусымаралық кезеңмен байланыстырып отыр. Алайда ерте шығатын орамжапырақты жинап жатқан шаруаларды ішкі нарықтан гөрі, сырттың сұранысы қызықтырып отыр. Пандемияның кезінде шығынға әбден батқан фермерлер қазір өнімдерін Ресейге жөнелтіп жатыр. Мақтааралдық диқандардың арасында «Диқаншылық – карта ойыны» деген қағида бар. Бір жылы ұтсаң, енді бірде ұтыласың. Мәселен пандемия бастаған жылдары шекаралардың барлығы жабылып, атыздағы гектар-гектар қырыққабат 5 теңгеге де өтпей қалған еді. Ал қазір жиналған өнімдер шекара асып Ресейге жөнелтілуде. Тіпті Еуропа мемлекеттеріне де экспортталып жатыр. Шаруалар бүгінде 30 ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Алғашқы түсімнің өзінен мол пайдаға кенеліп отырған диқандар қырыққабаттың құнын 300 теңгеден саудалауда.