794 елді мекеннің бас жоспары жасалған

15
2026-06-05

Түркістан облысында 794 елді мекеннің бас жоспары жасалған. Бұл — аймақтағы жалпы ауылдар мен қалалардың басым бөлігі. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте сәулет саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Бүгінде облыстағы 801 елді мекеннің басым бөлігі құжаттандырылып, қалған 7 ауыл бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Жиында әсіресе биыл Үкімет қаулысымен бекітілген облыс орталығының жаңа Бас жоспарына баса назар аударылды. Бекітілген құжатқа сай, шаһар аумағы 22 мың гектардан асады. Ал алдағы жиырма жылда халық саны 400 мың адамға жетеді деп болжанған. Инфрақұрылымды дамыту мен өңір экономикасын 500 миллиард теңгеге жеткізу жоспары да осы құжатта айқын жазылған. Облыс бойынша 2025-2029 жылдарға арналған Жол картасы аясында тағы 387 елді мекеннің бас жоспарларын әзірлеп, түзету көзделіп отыр.

ҚУАНЫШ АСАНОВ – ОБЛЫСТЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 

«Үкімет бекіткен жаңа Бас жоспар аясында Түркістан қаласында көпқабатты тұрғын үйлер салынатын аумақтар кеңейтіліп, тұрғын үй қоры айтарлықтай ұлғаяды. Бұдан бөлек, өндірістік аймақтардың көлемін арттыру және туристер санын жылына 5 миллион адамға жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, Жол картасына сәйкес, тек биылдың өзінде 81 елді мекеннің бас жоспарына өзгерістер енгізіледі. Ал халқы 5 мыңнан асатын қалалар мен ауылдар қазір арнайы 58 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен қамтылған».