4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Осыған орай бүгін Түркістан қаласындағы Рәміздер алаңында Мемлекеттік Туды көкке көтеру рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар қатысып, елдік нышандарға құрмет көрсетті.
Рәміздер алаңына жиналған жұртшылық мерекені ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Салтанатты рәсім Мемлекеттік Туды көтеруден басталып, көк байрақ алаң төрінде желбіреді. Жиынға қатысушылар бір мезетте Мемлекеттік әнұранды орындады. Шара барысында жастардың белсенділігі ерекше көзге түсті. Қолдарына Мемлекеттік Ту мен мерекелік шар ұстаған жас буын өкілдері патриоттық акцияларға қатысып, мерекелік бағдарламаның ажарын аша түсті.
УМИДА ТАШМЕТОВА СТУДЕНТ
Рәміздер күнінің атап өтілуі патриоттық сезімнің одан әрі оянуына көмектеседі. // Бүгін өте керемет сезімде тұрмыз. Себебі әрқайсымыз туларымызды, осындай әдемі шарларымызды ұстап, өз белсенділігімізбен осы мерекелік шараға келдік.
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде көк Ту, Елтаңба мен Әнұран тәуелсіз Қазақстанның басты құндылығы екенін атап өтті. Сондай-ақ бүгінгі мереке ел тарихындағы маңызды күндердің бірі екенін жеткізді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Баршаңызды Мемлекеттік Рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын. 4-маусым Тәуелсіз Қазақстанның айбынын айқындайтын, елдігіміз бен егемендігімізді әлемге танытатын ерекше күн. 1992 жылы дәл осы күні көк туымыз, елтаңбамыз бен әнұранымыз ресми түрде бекітіліп тарихымыздың парағы жазылды.
Мемлекеттік рәміздер – елдің өткені мен бүгіні сабақтасқан қасиетті белгілер. Сондықтан мерекелік жиында олардың тарихи маңызы мен тәуелсіздік жылдарындағы орны да кеңінен айтылды. Ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері жастарға ақ тілектерін арнап, елдің тұтастығы мен берекесі рәміздерді құрметтеуден басталатынын жеткізді.
Айта кетейік, Рәміздер алаңындағы тудың биікті тұғырымен қос алғанда 62,5 метр. Ал алып байрақтың ені 12, ұзындығы 24 метр. Мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған шараның дәл осы алаңда өтуінің өзіндік мәні бар. Өйткені көк Ту, Елтаңба мен Әнұран – тәуелсіздіктің басты нышандары ғана емес, халықтың бірлігі мен елге деген сүйіспеншілігін айшықтайтын басты құндылықтар.