Түркістан
EN

Қаңтар қақтығысына қатысқандарға 100 доллар төленген

126
20.04.2022

Қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысқандар Telegram арқылы нұсқаулық алған. Қазір осы оқиғаның бел ортасында жүрген 627 күдікті қамауда отыр. Олардың 158-і аса ауыр қылмыс жасағандар. Ал 280 күдіктінің жеке басы, денсаулық және басқа да жағдайлары ескеріліп, жазасы жеңілдетілген. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратура тың деректерді бөлісті. Құзырлы орган тергеу ісін тереңдеткен сайын түрлі деректер мәлім боп жатыр. Мәселен, Талдықорған қаласында бүлікке қатысушыларға 20-дан 100 АҚШ долларына дейін ақша төленген. Бұл қаражатты алған бұзақылар нысандарды қиратып, азаматтардың мүліктерін жойып, мемлекеттік объектілерді басып алған. Барлық іс-әрекет телеграмда ашылған арнайы канал арқылы басқарылған. Оған санаулы сағатта мыңдаған адам жазылып, түрлі нұсқаулықтар алыпты. Қылмыскерлер арасында есірткіге елітіп, алаңдарға мас болып шыққандар да анықталған. Медициналық зерттеулер соны көрсетіп берген. Жалпы тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған қарулардың басым бөлігі Жамбыл облысында тәркіленіп отыр. Ел бойынша құқық қорғау органдары қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған 750-ден астам мылтық және тегіс ұңғылы қаруды тапқан. Ал Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов қаңтар оқиғасынан зардап шеккен 1491 шағын бизнес өкілдеріне өтемақы төленгенін мәлімдеді. Ал Жамбыл облысында "ГАЗель" жүргізушісі өз сыбайласымен бірге жаппай тәртіпсіздікке қатысқан азаматтарға арматура, ұрланған полиция қалқандары мен бронежилет таратқан. Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтуынша, күдіктілердің кінәсі негізінен қылмыс жасалған орындардан алынған бейнежазбалармен, куәлар мен көзбен көргендердің айтуымен, сондай-ақ алынған заттай дәйектермен дәлелденген.