Жаз маусымы басталғалы елімізде велосипед ұрлығы жиілеп кеткен. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 400-ге жуық осындай қылмыс тіркелген. Тәртіп сақшыларының жедел әрекеті арқасында оның жартысынан астамы табылып, заңды иелеріне қайтарылыпты. Екі дөңгелекті көліктердің басым бөлігі түнгі уақытта көпқабатты үйлердің кіреберісінде, аулаларда қолды болады екен. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұған көбіне көлік иелерінің салғырттығы себеп. Тұрғындар мүліктерін қараусыз қалдырады немесе сенімсіз құлыптарды пайдаланады. Осыған байланысты полиция қауіпсіздік үшін болаттан жасалған шынжырлы қапсырма-құлыптарды қолдануды ұсынады. Сондай-ақ велосипед қаңқасындағы сериялық нөмірді алдын ала фотосуретке түсіріп алу қажеттігі ескертілді. Айта кетейік, жаз айларында полиция саябақтар мен веложолдарда патрульдеуді күшейтеді.