Шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, егіннің бітік шығуына жәрдемдесетін агродрондар Түркістанда шығарылып жатыр. Жоба былтыр қытайлық инвестордың қолдауымен іске қосылған. Агросаланы цифрландыруға бағытталған Қазақстандағы тұңғыш заманауи кәсіпорынның жұмысымен әріптесім Шұғыла Ғалиқызы танысып қайты.
ШҰҒЫЛА ҒАЛИҚЫЗЫ – ТІЛШІ
Ауыл шаруашылығына қолданылатын алып дрон 70 литр суға дейін көтеруге қауқарлы. Бір ұшқанда бес гектар алқапты дәрілеп шығады. Өндірісі өркендеп келе жатқан Түркістан облысында жылына мұндай 500-ге жуық ұшқышсыз ұшу аппараты шығарылады.
Қазір кәсіпорында 4 қана жұмысшы бар. Өйткені әзірге тапсырыс көп емес,- дейді компания басшылығы. Оның үстіне қытайлық қызметкерлер шапшаң әрі епті. Өз ісінің мамандары. Сондықтан олар бір дронды небәрі 2-3 сағатта құрастырып шығады. Оған қажетті құрал саймандардың барлығы Қытайдан арнайы жеткізіледі.
АЛЕКС ЧЕН - КӘСІПОРЫННЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Қазір барлық қажетті құрал-жабдық жеткілікті. Оларды тасымалдау кезінде қиындықтар болған жоқ. Алдағы уақытта қосалқы бөлшектерді Қазақстаннан алу мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз. Әзірге белгілі бір бөлшектерін жергілікті нарықтан іздеудеміз.
Өңір шаруаларының жұмысын жеңілдететін «алып көмекшілердің» бағасы 20 мың АҚШ доллары. Оны жалға алу мүмкіндігі де қарастырылған. Ашылғанына көп болмаса да компания күні бүгінге дейін 20-дан астам агродронды сатып үлгерген.
АЛЕКС ЧЕН - КӘСІПОРЫННЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Келешекте өндіріс көлемі мен тапсырыс саны артып жатса тағы да қызмемкерлер аламыз. Негізі 6 адам бір дронды бір сағатта құрап біте алады. Сондықтан жергілікті тұрғындарды өзіміз үйретіп, жұмысқа қабылдай аламыз.
Болашақта кәсіпорында агродрондармен қатар өрт сөндіретін және жүк тасымалдайтын «көмекші» ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыру жоспарланып отыр. Айта кетейік, қытайлық компания заманауи техникаларын нарыққа 2019 жылдан бастап шығара бастаған. Ал Түркістанға былтыр келіп қоныстанды. Олар жобаны жүзеге асыру үшін 500 миллион теңге жұмсаған.
ӘСЕЛ ЖЕҢІСҚЫЗЫ – «ТҮРКІСТАН» ӘКК АҚ БАС МАМАНЫ
Бұл кісілер «Аватар» 2026-дан бастап іске қосылды. 2025-те договорға отырдық. Осы уақытқа дейін уақыт бердік. 6 ай. Орналасып, бейімделіп алуға.
Биыл өңірде машина құрастыру өндірісі бойынша 3 ірі жоба жүзеге асады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру кәсіпорыны да бар. Бұл өндірістерді іске қосу үшін 5,7 миллиард теңге жұмсалмақ.