Кентау қаласында кәсіпкерлердің көкейінде жүрген мәселелер ашық алаңда талқыланды. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері Кентау қаласы мен Сауран ауданындағы бизнес өкілдерін жеке қабылдап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесуде инфрақұрылымнан бастап өндіріс пен ауыл шаруашылығына дейінгі өзекті түйткілдер көтерілді.
Қабылдауға келген кәсіпкерлердің бірі егістік алқаптарын суару кезінде туындаған электр энергиясының тапшылығы мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қуат көзінің жетіспеуі жүздеген гектар мақта алқабын уақытылы суаруға кедергі келтіріп отыр.
ХАБИБУЛЛА МҰСТАФАЕВ ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ ТӨРАҒАСЫ
500 га егілген мақтаны суаруға электр энергия жетіспеудің салдарынан суара алмай отырғанымды баяндадым. Ол кісі менің сөзімді тыңдап болғаннан кейін, Оңтүстік энерго мен Кигот екеуіне тапсырма берді. Жұрт 5 га жерге жанталап егіп жатыр, 500 га қалай елемейсіңдер, қолға алыңдар деп тапырма берді.
Қабылдауға онға жуық кәсіпкер қатысып, өз салаларына қатысты мәселелерді ортаға салды. Бірі өндіріс орнын кәріз жүйесіне қоса алмай жүргенін айтса, енді бірі табиғи газ бен электр қуатына қол жеткізу қиындықтарын жеткізді. Сондай-ақ индустриалды аймақтардағы инженерлік инфрақұрылым, су тапшылығы, логистика және қазақстандық тауар өндірушілер тізіміне енгізу рәсімдерін жеңілдету мәселелері де көтерілді.
АСЫЛАН ИБАДУЛЛАЕВ «АТАМЕКЕН» ҰКП ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Өңірлік кеңесіміздің кәсіпкерлерімен, жалпы кәсіпкерлермен кездесіп, проблемаларының шешу жолын ұсынып, жетістіктерімен де танысып жатырмыз. Кентаудағы арнайы экономикалық аймақтың субзонасы каз электро компаниясына келіп кабельдердің жасалу жолымен таныстық.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары, Өңірлік кеңес мүшелері, жауапты басқармалар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Жеке қабылдаудан кейін Өңірлік кеңес мүшелері Кентаудағы бірқатар өндіріс орындарын аралап, кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Темір конструкцияларын, оптикалық кабель мен жиһаз өндіретін зауыттардың өндірістік әлеуеті назарға алынды. Ал жиында көтерілген барлық мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы Өңірлік кеңестің бақылауына алынды.