Жастардың болашағына балта шауып, мыңдаған адамның тағдырын талқандап жатқан есірткі індеті қоғам үшін ең өзекті қауіптердің біріне айналды. Заңсыз айналыммен күрес пен нашақорлықтың алдын алу мәселесі Үкіметте қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов республикалық штаб отырысын өткізіп, құқық қорғау органдары мен жауапты министрліктердің атқарған жұмыстарын саралады. Сондай-ақ жауапты орындарға есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтуге бағытталған бірқатар жаңа міндеттер жүктеді.
Биыл елімізде есірткі қылмысына қарсы күрес аясында ауқымды жұмыстар жүргізілген. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 1200-ден астам есірткі қылмысының жолы кесіліп, 6 ұйымдасқан топ жойылған. Олардың бірі тіпті, трансұлттық деңгейде әрекет еткен. «Киберқадағалау» жүйесі арқылы 5 мың интернет-ресурс бұғатталса, антифрод орталығының көмегімен 100 миллион теңгеден астам күмәнді қаржы операциялары тоқтатылған. Сондай-ақ айналымнан бір жарым тоннаға жуық синтетикалық есірткі мен 11 мыңнан астам прекурсор тәркіленген.
ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ
«Нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында 71 іс-шара жүзеге асырылды. Нәтижесінде 1200-ден астам есірткі қылмысының жолы кесілді. 6 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Бір жарым тоннаға жуық синтетикалық есірткі тәркіленіп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе артты.»
Жиын барысында Премьер-министр есірткі қылмысына қарсы күресте жаңа технологияларды кеңінен пайдалануды тапсырды. Атап айтқанда, химиялық заттар мен прекурсорлардың елге әкелінуіне бақылауды күшейту, криптовалюталар арқылы жүргізілетін күмәнді қаржылық операцияларды анықтайтын арнайы жүйе әзірлеу міндеті қойылды. Сонымен қатар мемлекетаралық цифрлық платформа құру, есірткі қылмыстарын тергеудің жаңа әдістерін енгізу және Telegram арқылы жүзеге асырылатын заңсыз сауданың жолын кесу тапсырылды. Өңір әкімдеріне штаб жұмысына жеке бақылау орнату жүктелді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
«Уәкілетті органдарға криптовалюталарға байланысты күмәнді қаржылық операцияларды анықтау мен бұғаттауға арналған арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Бағдарламада есірткі транзакцияларында байқалған күдікті деректердің, шоттардың және криптовалюта әмияндарының тізілімі қамтылуы тиіс.»
Нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар да күшейтілген. Жыл басынан бері әлеуметтік желілерден 4,5 мыңнан астам заңсыз материал жойылып, «MERGEN» жобасы арқылы 6,1 мыңнан астам есірткі дүкенінің жұмысы тоқтатылды. Ал білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстарға 360 мыңнан астам педагог жұмылдырылған. Мамандар жастарды есірткіден сақтандыруда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен тәрбиелік шаралардың маңызы зор екенін айтады.