Сарыағаш ауданының Дербісек елді мекеніндегі ауыз су ұңғымасына қатысты мәселе заң аясында шешіліп жатыр. Сондықтан әлеуметтік желілерде облыс және аудан әкімдерінің атына қатысты тараған кейбір мәліметтер шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде аудан әкімі Арман Абдуллаев мәлімдеді. Оның сөзінше, аталған су нысаны ұзақ жылдар бойы «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдалануында болған. Алайда биыл 25 сәуірде жалға алу мерзімі аяқталып, санитарлық талаптардың сақталмауына байланысты инспекция құқықты ұзартудан бас тартқан. Сот шешімімен жеке серіктестіктің құжаттарының күші жойылды. Сондықтан әкімдік тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады.