Елімізде қалта ұрлығы 40 пайызға азайғанымен, әлі де алаңдатарлық жағдайда. Жыл басынан бері жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мыңға жуық қылмыстың беті ашылып, жоғалған мүліктер өз иелеріне қайтарылған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шамамен жеті жүзден астам азамат заң алдында жауап берсе, ұрлықты кәсіпке айналдырған 12 қылмыстық топтың жолы кесілді. Олардың арасында бұрын сотты болғандар да бар. Мәселен, Алматы қаласында бостандыққа шыққаннан кейін де заңсыз әрекетін тоқтатпаған азаматтан 30-дан астам ұялы телефон тәркіленді. Осыған байланысты, құзырлы орган өкілдері ұрланған дүниені сатып алу немесе оны қайта өткізу де қылмыс екенін ескертеді. Сондай-ақ, көпшілікке қырағалық танытып, қоғамдық орындарда жеке заттарға сақ болуға шақырады.