Екібастұзда жеті жасар бала беті ашық қалған құдыққа құлап кетті. Оқиға болған сәт мәдениет орталығы маңындағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Видеода баланың тереңдігі екі метр болатын құдыққа құлап кеткені, кейін өз күшімен сыртқа шыққаны анық көрінеді. Қауіпті нысан мәдениет орталығына өте жақын жерде орналасқан. Алайда ол жерде ешқандай қоршау, ескерту белгісі немесе қорғаныс құрылғылары болмапты. Салдарынан бала дене жарақатын алды. Қазір ол қаладағы медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр. Ал полиция қылмыстық іс қозғаған. Тергеу барысында құқық қорғау органдары аталған аумақтың күтімі мен қауіпсіздігіне жауапты тұлғаларды анықтайды.