Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлес қосқан бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен, бұл жолы халықаралық шараның өтуіне атсалысқан қарапайым еңбек адамдары мен волонтерлердің еңбегі ерекше еленді. Атап айтқанда, коммуналдық қызмет саласы мен мәдениет мекемелерінің бірқатар қызметкері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері атанды. Олардың қатарында бағбан Мұхтар Әбішов, абаттандыру жұмысшысы Әмина Күзембаева және музей экскурсоводы Ердос Қонысов бар. Бұдан бөлек, қаланың тазалығы мен логистикасын қамтамасыз еткен техникалық қызметкерлер, жүргізушілер, дәрігерлер «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Халықаралық шараның мәртебесін арттыруға атсалысқан еріктілер де назардан тыс қалған жоқ. Волонтерлер Ернар Бектаев, Айда Мақанбай және Алишер Омаров мемлекеттік марапатқа ие болды. Мемлекет басшысының бұл Жарлығы қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.