Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси және экономикалық байланыс нығайып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды ширату үшін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған қазақстандық депутаттар Мәскеуге арнайы сапармен барды. Олар Ресейдің қос палата басшылары Валентина Матвиенко және Вячеслав Володинмен кездесіп, алдағы жылдарға арналған ортақ жоспарларды талқылады. Мәулен Әшімбаев екі ел арасындағы қарым-қатынастың берік болуы, ең алдымен, Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің арасындағы достық пен сенімнің арқасы екенін атап өтті. Сапар барысында екі ел Парламенттерінің 2025-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары пысықталды. Бұл құжат елдер арасындағы байланысты сөз емес, іс жүзінде дамытуға негіз болмақ. Сонымен қатар, парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Мәулен Әшімбаевқа Ресейдің «Достық» ордені табысталды. Ал Ресей Федерация Кеңесі төрағасының орынбасары Андрей Яцкин Қазақстан Президентінің Жарлығымен екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.