Алматы облысы алдағы жылдары ірі өндіріс пен логистиканың орталығына айналмақ. Қазір әйгілі PepsiCo компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі зауытының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба іске қосылғанда жылына 70 мың тонна дайын өнім шығарып, еліміздің бес облысынан 200 мың тоннадан астам картоп сатып алатын болады. Демек, жергілікті шаруалар үшін үлкен нарық ашылып, 2 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, Алматы маңындағы көлік кептелісін азайту үшін «Алматы-Талғар» және «Алматы-Бішкек» тас жолдары кеңейтіледі. Мәселен, Бішкек бағытындағы жол 8 жолаққа дейін ұлғайтылмақ. Бұл мегаполиске кіріп-шығатын жолаушылардың уақытын үнемдейді. Дегенмен, өңірде шешімін таппай тұрған мәселелер де бар. Индустриялық аймақтарда жарық пен газ тапшылығы сезіледі. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі стратегиялық нысандарды аралап бұл түйткілдер Үкіметтің тікелей бақылауында екенін және Энергетика министрлігімен бірлесіп газдандырудың жаңа схемасы әзірленетінін айтты.