Міндетті төлемнен жалтарып, көліктерді заңсыз тіркеген қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Ақтөбе облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратураның үйлестіруімен ірі схеманың алаяқтық әрекетіне байланысты тергеуді аяқтады. Деректерге сәйкес, топ мүшелері үш өңір: Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында 82 автокөлікті заңсыз есепке қойған. Олардың қатарында жүк тіркемелері мен жеңіл көліктер бар. Бұл іспен жалпы саны 9 адам айналысқан. Арасында автоинспектор мен нотариустың болуы істің ауқымын одан әрі күрделендіре түсті. Күдіктілер клиенттерді интернет пен мессенджерлер арқылы тауып, көлікті міндетті төлемдерсіз тіркеуді ұсынған. Ал көліктердің құжаттары, бұрын есептен шығарылған техникалар арқылы заңдастырылып отырған. Кейін жалған сатып алу, сату келісімдері мен сенімхаттар рәсімделіп, құжаттар арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өткізілген. Тергеу барысында нотариустық рәсімдердің көлік иелерінің қатысуынсыз жасалғаны анықталды.