Алпыс жылға жуық өтсе де, студенттік жылдардың жарқын естелігі қайта жаңғырды. Алматы қаласындағы қазақ ауыл шаруашылығы инситутын осыдан 54 жыл бұрын тәмамдаған түлектер Түркістанда бас қосты. Олардың дені ұзақ жылдар бойы еліміздің дамуына, экономикалық өрлеуіне үлес қосқан жандар. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де мезгілдің достыққа сызат түсіре алмағаны жүздерінен-ақ байқалады. Еңбек жолын әр салада жалғаған олар бүгінде зейнет жасындағы ақ жаулықты әжелер мен парасатты қариялар қатарында. Жыл сайынғы кездесуді үзбейтін курстастар биыл Қожа Ахмет Ясауи рухы тыныстаған киелі мекенде бас қосуды жөн көріпті. Айтуларынша, мұндай тағылымды жүздесу жастық шаққа жасалған рухани саяхат іспетті.