Тауар айналымы 2,4 миллиард долларға жетті

25
2026-05-14

Түркі мемлекеттері арасындағы сауда-саттық жоғары деңгейге көтерілді. 2026 жылдың басындағы көрсеткіш бойынша, бауырлас елдердің тауар айналымы бірден 40 пайызға өсіп, 2,4 миллиард долларға жетті. Ендігі мақсат жай ғана шикізат сату емес,  зауыт-фабрикалар мен бірлескен өндіріс орындарын ашу. Экономикалық байланысты жеңілдету үшін Түркі мемлекеттері ұйымы ішінде «сенімді өнім берушілердің бірыңғай тізілімі» құрылмақ. Бұл өнім шығарушы мен оны сатып алушы арасындағы артық делдалдарды жойып, сауданың ашық әрі жылдам жүруіне мүмкіндік беретін цифрлық жүйе. Сонымен қатар, Орта дәліз бағытын жай ғана транзит жолы емес, ірі индустриялық белдеуге айналдыру ұсынылды. Яғни, жол бойында тек жүк тасымалданбайды, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін орталықтар мен жаңа технологиялық кәсіпорындар салынады. Бұл жобаларды қаржыландыру үшін арнайы Түркі инвестициялық қоры қолдау көрсетпек.