Түркістандық кәсіпкерлер заңсыз сауданың кесірінен пайдадан қағылып отырғанын айтады. Айтуларынша, базарға кіреберіс көшеде 100-ге жуық адам заңсыз сауданың көркін қыздырып отыр. Мәселеден құзырлы органдар да хабардар. Алайда жабайы саудаға көз жұмып келеді дейді кәсіпкерлер. Ал көшеде сауда істеушілер бұдан басқа барар жеріміз жоқ деп ақталып отыр. Қаладағы Қуаныш базарында көкөніс сататын сатушылардың қазіргі жанайқайы осы. Мұның басты себебі көшеде орналасқан заңсыз сауда қатары. Салдарынан барлық құжаты дұрыс кәсіпкерлер несібеден айрылдық дейді. Көшеде сауда істеп жүргендер былтыр басқа базарға көшірілген. Ол жақтағылар болса, ашкөзденіп орынды жалдау құнын шарықтатып жіберіпті. Сол себепті, табысынан қағылған кәсіпкерлер, базарды тастап шығып, қайтадан бұрынғы орындарына жайғасқан. Қазір 100-ге тарта кәсіпкер саудасын қыздырып отыр. Мемлекетке салық және өзге де төлемдер төлеймеді. Тіпті кәсіпкер ретінде де тіркелмепті. Ал, атқарушы билік бұл жерге сауда жасауға рұқсат бермегендерін айтады. Бұл көше ортақ мақсатта пайдаланылатын жер болғандықтан мұнда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жарықшамдар орнатылған. Қала әкімдігі бұл кәсіпкерлерге жаңадан ашылған "Экобазардан" орын берген. Бірақ сатушылар ол жерде сауда жүрмейді деп жылы орнынан қозғалғысы жоқ.