Жарты миллион гектар жер қайтарылды

17
2026-05-08

Қазақстанда 563 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жұмыстың қорытындысы Үкіметте Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен арнайы комиссия отырысында пысықталды. Жыл басынан бері инспекция мамандары бір миллион гектарға жуық аумақты тексеріп, жер заңнамасын бұзғандарға екі жүзден астам нұсқама берген. Қазір тағы 350 мың гектардан астам алқапты мәжбүрлі түрде қайтару мәселесі сотта қаралып жатыр. Билік қайтарылған жерлерді қайта айналымға қосып, халықты жайылыммен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Десе де, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстары бұл жұмыста кешеуілдеп келеді. Вице-премьер Президент тапсырмасының мүлтіксіз орындалуын талап етіп, жерді игеруді жеделдетуді тапсырды.