Алматы тауларындағы биік шыңнан 18 жастағы жігіт тікұшақпен эвакуацияланды. Оқиға Панфиловшы батырлар шыңында, төрт мың метрден астам биіктікте болған. Жаппай альпиниада кезінде қатысушылардың бірінің денсаулығы күрт нашарлап, «тау ауруы» мен «өкпе ісінуі» белгілері байқалған. Құтқарушылар бозбалаға жедел көмек көрсетіп, оны зембілмен тікұшақ қона алатын аумаққа дейін алып түсті. Артынша Төтенше жағдайлар министрлігінің «Барыс» жасағы мен «Қазавиақұтқару» техникасы жұмылдырылып, зардап шеккен азамат қалалық ауруханаға жеткізілді. Мамандардың айтуынша, жігіттің жағдайы ауыр, бірақ өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.