Төлеби ауданында өзен суы көпірлерді шайып кетті. Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан Ақмешіт ауылындағы туристік аумақ пен демалыс аймағын байланыстыратын екі көпір құлады. Екпінді елдімекеніндегі өткелге де зақым келген. Құтқарушылар оқиға орнынан 81 адамды эвакуациялады. Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Ақмешіт туристік аймағына арнайы барып, су тасқынының салдарын жан-жақты зерделеді. Ол жауаптыларға апаттың салдарын жою бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Қазіргі таңда ауданда жағдай тұрақты, бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.