Мобильді аударымдар тексеріледі. Нақтыласақ, егер жеке тұлға ретінде ашылған банк шотына 3 айдың ішінде 100 және одан да көп адамнан қаржы аударылған болса, бұл кәсіпкерлік қызметтен пайда табу болып есептеледі. Қаржы министрлігі бекіткен бұл бұйрық бүгіннен бастап күшіне енеді. Халық өмірін біршама жеңілдетіп берген мобильді аударымдардың басына қайтадан бұлт үйірілді. Ал жауаптылар елді дүрлікпеуге шақырып отыр. Өйткені кәсіпкер ретінде тіркелмесе де жолаушы тасымалдап жүрген жеке тұлға мемлекеттік қызметші болмаса биыл оның шоты тексерілмейді. Биыл тек мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайына жолданған аударымдар ғана назарда болатын көрінеді. Айта кетейік, барлық тұлғаларға жасалатын аударымдарды бақылау тек 2025 жылы басталады. Мұның бәрі түсінікті. Десе де халықтың бір тобы «Үкімет неге дәл осы мобильді аударымдарға жабысып алды?» деп арыз айтады. Жұрттың сөзінше, – қолма-қол ақша ұсыну да тура осы аударым жасау сияқты нәрсе. Ең бастысы, қызмет ұсынушы кәсіпкер чек берсе болғаны. Алайда бұл сауалдарға нақты жауап жоқ.