Елімізде адам саудасы, мәжбүрлі еңбек пеп заңсыз контент таратуға қатысты қылмыстар қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр. Осыған байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі республика көлемінде «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Нәтижесінде адам саудасы бойынша 41 қылмыстық іс әшкереленді. Оның 9-ы кәмелетке толмағандарға қатысты екені анықталды. Сондай-ақ, кешенді тексерулер барысында бірқатар ауыр қылмыстардың жолы кесілді. Мәселен, Қызылорда облысында нәрестені заңсыз саудалауға әрекеттенгендер ұсталды. Ал Жетісу облысында екі азаматты ұрлап әкетіп, оларды бір ай бойы мәжбүрлі еңбекке жеккен күдіктілер қамауға алынды. Сонымен қатар, бірнеше өңірде жастарды азғындату фактілері бойынша әдепке қайшы деп танылған заңсыз интернет өнімдерін таратқандарға тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған деректерді негізге ала отырып, құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпке теріс ықпал ететін заң шеңберінен тыс күмәнді әрекеттерге қарсы күрес жалғасатынын мәлімдеді.