Елімізге ресми сапармен Израиль Президенті Ицхак Герцог келді. Оны қарсы алған Қасым-Жомарт Тоқаев қос ел арасындағы сан қырлы байланыстар ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқанын атап өтті. Қазақстан Президенті екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың іргесін қалауда бұрынғы басшы Хаим Герцогтың еңбегі ерекше екеніне тоқталды. Бұдан соң кеңейтілген құрамда бас қосып, бірқатар салалар бойынша келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Бұл қадам Таяу Шығыс елдері мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың реттелуіне еліміздің де үлес қосуға дайын екенін көрсететінін айтты.