«Мөлдір бұлақ»: 20 тонна қоқыс жиналды

8
2026-04-23

Қызылорда облысында «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында өткен плоггингке 1500 оқушы қатысып, 20 тоннадан астам қоқыс жиналды. Шара Сырдария өзені жағалауы мен өңірдегі каналдар, көлдер және бұлақтар бойында өтті. Оған Қызылорда қаласы, Арал және Қармақшы аудандарындағы 50-ден астам мектептің ұстаздары мен шәкірттері жұмылдырылды. Акция екі кезеңде ұйымдастырылып, 18 сәуірде басталып, 22 сәуір – Халықаралық Жер күніне орай кең ауқымды шараға ұласты.  Тазалық ісі  эко-квест, плоггинг және флешмоб форматында өтіп, қатысушылар арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Жоба халықаралық ұйымдардың қолдауымен жүзеге асты. Мақсат,  жұртшылық арасында Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.