Автомектептердегі олқылықтар әшкереленіп, оқу топтары жабылды

15
2026-04-22

 Елімізде автомектептер жаппай жабылып жатыр. Ішкі істер министрлігі жүргізген тексерістен кейін 700-ден астам оқу тобының жұмысы ресми түрде тоқтатылды. Оған авто жүргізушілерді оқытатын орталықтардың жауапсыз іс-әрекеттері себеп болған. Тексерілген автодромдардың көбінде не жол белгісі, не таңбасы жоқ болып шықты. Тіпті, ақауы бар көліктермен сабақ беріп, сақтандыру полисінсіз көшеге шыққан 60-қа жуық мектеп анықталды. Тәртіпке бағынбағандарға қатаң ұйғарым беріліп, оқу процесі тоқтады. Енді автомектеп ашу айтарлықтай қиындайды. Бұрын кәсіпкерлер тек "хабарлама" беріп жұмысын бастай салса, алдағы уақытта мемлекеттен арнайы рұқсат алуға міндеттеледі. Тиісті заң жобасы қазір Мәжілісте талқыланып жатыр. Сондай-ақ, "Автомектеп" ақпараттық жүйесі арқылы әрбір үйренушінің сабаққа қатысуы мен көліктердің жай-күйі онлайн режимде бақыланбақ. Бұл  көшедегі апаттар мен заңсыз куәліктерге тоқауыл қоюдың амалы.