Түркістан
EN

Сенаторлар "Кибербуллинг туралы" заң жобасын Мәжіліске қайтарды

174
15.04.2022

Қазақстан соңғы бес жылда суицид жасаудан, соның ішінде 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаудан әлем елдерінің алғашқы ондығында тұр. Мәселен, 2021 жылы 175 суицид оқиғасы, 375 суицид жасау әрекеті тіркелген. Мамандардың айтуынша, балалардың өз-өзіне қол салуына әлеуметтік желілер әсер етуде екен. Ал ата-ана баланың әлеуметтік желіде зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқанынан бейхабар. Сенат халық арасында дүрбелең тудырған "кибербуллинг туралы" заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Құжатқа қатысты қоғам белсенділері айтқан түрлі ұсыныстарды ескере отырып, сенаторлар заң жобасында ұсынылған ережелерді мұқият қараған. Келіп түскен өтініштерді ескере отырып, оның бірқатар баптарын қайта қарауды ұсынды. Атап айтқанда, балаларға қатысты кибербуллингті мемлекеттік орган емес, арнайы сарапшылар тобы қарау керек деп санайды. Балаға кибербуллинг жасалды деген арызды сарапшылар тобы қарау керек. Сенатта депутаттар осындай ұсыныс айтты. Сондай-ақ, сенаторлар уәкілетті органның өз қалауы бойынша интернет-ресурс, әлеуметтік желі мен мессенджерлердің жұмысын шектеуге немесе тоқтатуға өкілеттілігін алып тастауды ұсынды. Алайда кибербуллинг контентін интернет-ресурстың ресми өкілі бір тәулік ішінде өшіруге міндеттеледі. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл заң жобасы қоғамда белсенді түрде талқыланғанын атап өтті. Мәселен, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов «әлеуметтік желіні бұғаттайтын заңды тоқтату керек» деп Сенат депутаттарына үндеу жолдаған болатын. Оның айтуынша, баланы буллингтен қорғаймыз деп, әлеуметтік желіні шектеудің саяси астары бар. Сарапшылардың сөзінше, кибербуллинг қазір бүкіл әлемдегі өте өзекті проблемаға айналған. Ал балаларды ғаламторлық қысымнан қорғайтын заң тек 21 елде ғана бар екен. Ал Қазақстанда кибербуллингтің құрбандары туралы ешкім статистика жүргізбейді. Тек өткен жылы ел аумағында буллингке қатысы бар 10 мыңнан астам материалға шектеу қойылыпты.