Ордабасылық шаруалар ауылдасы Бекбол Айнекбайдан екі жылдан бері қорлық көріп келе жатқанын айтады. Жұрттың сөзінше, ол нағыз керек уақытта су бермей халықты әбігерге салыпты. Егістікке ақы алғанымен қоймай, үй іргелік жерге су алу үшін ақы сұрайтынды шығарыпты. Ал мұндағылардың көбі жермен күн көріп отырғандар. Егер су келмесе төккен тер, еккен егініміз зая кететін болды дейді тұрғындар. Түркістан облысындағы екі ауылда кәсіпкер су арнасын жалға алып, тегін тіршілік нәрін халыққа саудалап отыр. Тіпті, қарсы келгендерге су бермей, қысым көрсетеді екен. Әбден қиналған жұрт аудан әкімдігі мен құзырлы органдарға шағымданған. Алайда, одан түк шықпапты. Бүгін әділдік іздеген 63 шаруа облыс әкімдігінің алдына келді. Ондағысы үніміз билікке жетіп, мәселеміз оңынан шешіліп қалар деген үміт. Амалы таусылған шаруалар мәселені облыс әкімі шешіп берер деген үмітпен облыс орталығына келді. Олар жекеменшікке өткен су арнасы мемлекетке қайтарылсын! - деп талап етуде. Ал, жауаптылар болса, іс заң жүзінде шешімін табатынын айтады. Аудан әкімі Бағлан Батыршаев жерлестерін жиып, кәсіпкермен сөйлесті. Нәтижесінде, су кезекпен берілетін болып шешілген. Ал, 2 жыл бойы көпшіліктің үй ауласындағы суармалы жері үшін берілген ақшасы еш кетпейді. Биылғы егістік алқапқа кететін қаражат соның есебінен алынады деген кәсіпкер әкім алдында жұртқа қысым көрсетпеуге уәде етті. Бірақ, су арнасы төңірегіндегі дау сот арқылы шешімін табады.