Басыма қапшық кигізіп, аяусыз сабады. Осылай деп 2 ай алдын Саурандық тұрғын Нұрболат Өмірбеков біздің арнаға жүгінген еді. Оны аудандық полицейлер екі қой ұрладың деп әбден азаптаған болатын. Біздің араласуымызбен аудандық полиция іс қозғауға көшкен. Десе де заңнан қорықпаған тәртіп сақшылары басқа да ауыл азаматтарына түрлі азап көрсетіп, тайраңдауларын қоймапты. Түркістан облысы 30 жылдық ауылының тұрғындары аудандық полицейлерден 2 айдан бері азап көріп келеді. Айтуларынша ауылдағы жазықсыз азаматтарды ұстап алып мойындарына ауыр қылмыс ілген. Бүгінде жазықсыз адамды қинап, кінә таққан Сауран аудандық полицейлердің үстінен іс қозғалуда. Алайда заңнан сескенбеген тәртіп сақшылары жоғарыдағылармен ауыз жаласқандарын, ауыл тұрғындарының қолынан дым келмейтінін айтқан. Облыстық полиция департаменті мамандары аталған аудиожазбаны айғақ ретінде тіркеп, істің тез бітуіне сеп болады дейді. Тәртіптен безген тәртіп сақшыларының ісі қашан аяқталатыны белгісіз. Зар илеген халық берекелерін алған аудандық полицейлердің қатаң жазалануын ғана сұрайды.