Бүгінде бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп тұрған адамыңыздың өзіне сену қиынға соғып барады. Алаяқтар жасанды интеллектіні қолданып, кез келген адамның бет-әлпеті мен дауысын айнытпай салатын болған. Тіпті, экранның ар жағында полиция формасын киіп, банк кеңсесінде отырғандай әсер қалдыратын «цифрлық көшірме» жасап шығаруда. Олар ЖИ-дің көмегімен сіздің жақыныңыздың немесе ресми орган өкілінің кейпіне еніп, «шотта тұрған ақшаңыздан айрылып қалуыңыз мүмкін» деген желеумен жинаған қаржыңызды сыпырып алуды көздейді. Ішкі істер министрлігі киберқылмыстың бұл түрі өте қауіпті екенін ескертеді. Себебі, ЖИ арқылы жасалған бейне мен аудионы жәй ғана көзбен ажырату мүмкін емес. Қаскөйлер сенімге кіру үшін жалған құжаттар мен чат-боттарды да іске қосқан.