Салған қаржыңыз күніне 10 пайызға артып отырады сендіріп деп халықтың 110 миллион теңге ақшасын қалтаға басқан қаржы пирамидасы әшкереленді. «Boxy Wealth» деп аталған ұйымның құрығына 80-ге жуық адам ілінген. Олар бастапқыда салымшыларды «Күнделікті табыс» деп аталатын чаттарға қосқан. Содан соң қарапайым тауарларды жарнамалап, кейіннен «пакет сатып алсаң, байлыққа кенелесің» деп алдаған. Жәбірленушілер бар болғаны жарнамалық роликтерді көріп-ақ пайда табамыз деп сеніп қалған. Күдікті Алматыдан сәулетті кеңсе ашып, компанияны заңды тұлға ретінде тіркеп қойған. Тіпті, жаңа клиент әкелгендерге үстеме бонус беріп, пирамиданың ауқымын кеңейтіпті. Алайда, халықтың банк картасына салған ақшасы сол мезетте криптовалютаға айналып, шетелдік шоттарға аударылып отырған.