Мемлекеттік басқару академиясына құжат қабылдау басталды

7
2026-04-10

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына құжат қабылдау басталды. Биыл талапкерлер өтініштерін онлайн форматта 1 сәуір мен 1 маусым аралығында тапсыра алады. Қабылдау науқанының ерекшеліктері Шымкенттегі филиалда өткен брифингте таныстырылды.Биыл білім гранттарының саны айтарлықтай артқан. Магистратураға бөлінетін орындар 120-дан 200-ге дейін көбейген. Ал докторантураға небәрі 12 үміткер қабылданады. Бұл – мемлекеттік басқару саласына білікті кадр тартуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, академия білім беру бағдарламаларын кеңейтті. Бұрын 12 бағыт болса, енді олардың саны 15-ке жетті. Жаңа оқу жылында құқық, іскерлік әкімшілендіру және цифрлық мемлекеттік басқару сынды заманауи бағыттар енгізілді. Оқу бағдарламаларының мазмұны да жаңартылды. Бірқатар мамандықтардың оқу мерзімі ұзартылып, стратегиялық бағыттарға басымдық берілген. Бұл өзгерістер мемлекеттік қызметке қажетті заманауи дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік бермек.