Шымкентте пандемия кезінде жұмыс істеген 73 медицина қызметкерлері былтырғы жалақылары мен үстемақыларын әлі күнге дейін ала алмай жүр. Өздеріне тиесілі ақыны даулап бармаған жері қалмаған ақ халаттылар бұл жолы шу шығарды. Өткен жылдың тамыз және қыркүейк айларында ковидпен ауырғандарды емдегендер әлі күнге дейін тиісті қаржыларын қол жеткізе алмай жүр. Індеттің белең алып тұрған тұсында лицензиясы жоқ жеке клиникаға сырқаттандарды қабылдауға денсаулық сақтау басқарамасының басшысы бұйрық шығарып, жұмыс істеуге рұқсат берген. Ал, енді вирустың беті қайтқан кезде, уәдені үйіп-төккендер басқаша сөйлеп шыға келді дейді. Жеке клиниканың өкілдері де етектері жасқа толып отыр. Себебі жауапты шенеуніктер науқастарды қабылдап жұмыс істей беріңдер, қалғанын қатырамыз деген екен. Салдарынан, емдеу мекемесі қарызға белшеден батып, ақыры соңында жабылып тынған. Ал, осы уақытқа дейін шырылдаған жұртқа мардымды жауап қатпай келген Шымкенттің бас дәрігері бәрін шешемін деп ақталып отыр.