Қостанайда мемлекеттің 3 миллиард теңгесін қалтаға басқан қылмыстық топтың басшысы 14 жылға сотталды. «Beef Export Group» компаниясының директоры Пархоменко бастаған 15 адамнан құралған топ бірнеше жыл бойы ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияны заңсыз иемденіп келген. Олар ірі қара малды сатып алдық және оның өнімін өңдедік деп жалған құжаттар жасап, іс жүзінде болмаған шаруашылық үшін бюджеттен ақша алып отырған. Бұл алаяқтық схемаға Ауыл шаруашылығы басқармасының шенеуніктері мен ветеринар мамандар да көмектескен. Олар қағаз жүзінде бәрін заңды етіп көрсетіп, қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырған. Тергеу барысында күдіктілер келтірілген шығынның тек 100 миллион теңгесін ғана өз еркімен қайтарды. Қазіргі таңда сот шешімімен топ басшысынан бөлек, оның 14 сыбайласы да ұзақ мерзімге темір торға тоғытылды.