Елімізде суару маусымына дайындық қарқынды жүргізілуде. Осыған байланысты Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов вегетация кезеңіне дайындық мәселелері бойынша аппарат кеңесін өткізді. Жыл басынан бері «Қазсушар» кәсіпорны 526 шақырымнан астам ирригациялық каналды механикалық әдіспен тазартты. Оның 355 шақырымы Түркістан облысына тиесілі. Соңғы 2 жарым жылда 3 жарым мың шақырымнан астам канал ретке келтірілген. Ал биыл «Қазсушар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының он филиалының қарамағындағы 2 мың шақырымнан астам каналды механикалық әдіспен тазарту жоспарланып отыр. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан, Павлодар, Абай және Ұлытау облыстарындағы филиалдар, сондай-ақ Қ. Сәтбаев атындағы канал филиалы бар.