Қазақстан азаматтарына зиянын тигізген call-орталықтар жойылды

8
2026-04-02

Украина аумағында әрекет еткен трансұлттық қылмыстық топтың ірі call-орталықтар желісі жойылды. Екі елдің құқық қорғау органдарының бірлескен арнайы операциясы нәтижесінде трансшекаралық алаяқтар құрықталды. Қаскөйлер ұзақ уақыт бойы Қазақстан, Украина және Еуропа одағы елдерінің азаматтарын нысанаға алып келген. Олар өздерін жалған инвестициялық компаниялардың қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушілердің банк шоттары мен құпия деректеріне қол жеткізіп отырған. Сонымен қатар, криптовалютаға жалған инвестиция ұсыну арқылы азаматтардың цифрлық активтерін иемденгені белгілі болды. Қылмыстық топ танымал биржалар мен платформаларға ұқсас фишингтік сайттарды пайдаланып, жұртты тақырға отырғызып келген. Қазіргі уақытта ұсталғандардың үстінен тергеу амалдары жүргізіліп, келтірілген шығын көлемі есептелуде.