Өткен жылы 31 мыңнан астам қазақстандық қаржы пирамидасының құрбаны болды. Оларға 54 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілген. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді. Сонымен қатар, жиында танымал блогерлер жарнамалаған «Mudarabah Capital» қаржы ұйымына қатысты қылмыстық істің мән-жайы да айтылды. Mudarabah Capital қаржы пирамидасы 2020 жылы құрылған, оны танымал блогер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзімжан Саидбаев жарнамалаған. Еске салсақ, күні кеше аталған қаржы ұйымына 20 млн теңгесін құйып, тақырға отырған елордалық әйел өзін өртеп жіберген еді. Пирамида құрбаны қылмыстық іске қатысты шара қабылдауды сұраған. Ал ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қаржы пирамидасын жарнамалаған блогерлерге қатысты қылмыстық іс жақын арада сотқа жіберілетінін мәлімдеді. Олардың қаржы ұйымын жарнамалап қана қоймай, компанияға қатысы бары дәлелденсе онда әрқайсы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін деді ведомство басшысы. Елдің қалтасын қаққан қаржы пирамидаларын жарнамалағандарды қылмыстық жауапқа тартуды қарастыратын заң жобасын дайындау керек. Өйткені ел азаматтары танымал тұлғаларға сенеді. Сүйтіп бар қаржысынан айрылып, оны соңы трегедияға айналып жатыр дейді депутаттар. Ал сарапшылар мұның басты себебі елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауымен байланыстырады. Өйткені табысынан айырылып, қиын жағдайға тап болған адамдар ақша табудың кез келген жолын қарастырады. Бұған үш жылдың ішінде 26 мыңнан астам қазақстандық зардап шеккен «Гарант 24 Ломбард», «Estate ломбард», «Qnet» секілді қаржы пирамидалары мысал бола алады.