Тәттіге құмарлық темір торға жетеледі. Өскеменде екі ай бойы ірі сауда орталықтарын тонап келген «шоколад ұрысы» қолға түсті. Күдіктінің басты нысанасы қымбат тәттілер болған. Ол ешкім байқамаған сәттерді пайдаланып, тауарды сыртқы киімінің астына жасырып, кассаға төлем жасамай тайып тұруды әдетке айналдырған. Пайдакүнем азамат осылайша жалпы саны 80 қорап «Merci» шоколадын жымқырып үлгерген. Бұдан бөлек, косметикалық құралдар мен гигиеналық заттарды да қолды қылған. Ұрының бұл әрекеті сауда үйіне 250 мың теңгеден астам материалдық шығын келтірген. Полиция қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы күдіктіні анықтап, құрықтады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.