Сталкинг бойынша 8 іс анықталған

8
2026-03-31

Түркістан облысында азаматтардың жеке өміріне қол сұғатын қауіпті әрекет – сталкингке қарсы күрес күшейтілді. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде қылмыстың дәл осы түріне қатысты 8 дерек тіркеліп, оның алтауы сот қарауына жолданған. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайларды дер кезінде анықтап, алдын алу маңызды. Себебі әрбір азаматтың қауіпсіздігі  басты назарда. Осы бағытта түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Айта кетейік, қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес, сталкинг үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Жалпы, республика бойынша сталкинг қылмыс ретінде енгізілгелі бері 50-ден астам іс сотқа жолданған. Көп жағдайда күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.