Түркістан қаласында Ұлттық ұланның заманауи әскери қалашығы салынуда. Қазіргі уақытта жалпы аумағы 10 гектар болатын нысанда негізгі ғимараттарды тұрғызу және инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары қолға алынған. Нысанның құрылыс жұмысымен Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков танысты. Жұмыс сапары барысында ол «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери нысандардың жай-күйін тексерді. Сондай-ақ еліміздің Қызылорда, Жезқазған, Орал және Атырау қалаларында да жаңа әскери қалашықтар мен жатақханалардың құрылысы басталды. Аталған жобалар әскери бөлімдердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, жеке құрамның қызмет ету жағдайын жақсартуға және жедел әзірлігін арттыруға мүмкіндік береді. Сапар қорытындысы бойынша Бас қолбасшы құрылыс сапасы мен қарқынын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар салынып жатқан нысандар заманауи талаптарға толық сәйкес келіп, әскери қызметшілердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.