Түркістан облысында ұзындығы 143 шақырымнан астам ирригациялық желіні реконструкциялау жобасы басталды. Жаңғырту жұмыстары Арыс ауданында жүріп жатыр. Бұл жоба толығымен іске асқанда 8 мың гектардан астам жерді суландыруға мүмкіндік береді. Су шаруашылығы нысандарының жай-күйімен су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірге арнайы келіп, бақылап қайтты. Сондай-ақ, министр Ордабасы ауданына қарасты ұзындығы 26,15 шақырым болатын «Найман» каналындағы құрылыс жұмыстармен танысты. Бүгінде су жүйесінің арнасын бетондау жұмыстары толық аяқталған. Жалпы мұндай инфрақұрылымдық жобалар қолда бар су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді,- деді ведомства басшысы.