Бүгін Шымкентте алғаш рет «Digital Qazaqstan» халықаралық форумы өтіп жатыр. Бұл жиын — отандық технологиялық дамудың жаңа кезеңін айқындап бермек. Мамандар жасанды интеллект, өндірісті автоматтандыру және деректерге негізделген басқару жүйелерін енгізу мәселелерін талқылап жатыр. Қазір форум аясында пленарлық отырыстармен қатар, ауқымды стартап көрмесі мен креативті индустриялар аймағы жұмыс істеп тұр. Ең қызықты бөлім — «Digital Qazaqstan Battle» байқауы. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген үздік стартаптар өздерінің инновациялық жобаларын таныстырып, бақ сынамақ. Жиынның басты мақсаты — мемлекеттік органдар, бизнес пен IT қауымдастықты біріктіріп, технологияларды нақты экономикаға енгізуді жеделдету.