Су тасқынына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді

15
2026-03-20

Көктеммен бірге тасқын қаупі де қайта оралды. Өткен жылғы ащы сабақтан соң, биыл дайындық деңгейі түбегейлі өзгерген. Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктері жаңа басқару моделіне көшіп, қауіптің алдын алуға цифрлық технологияларды жұмылдыруда. Мамандардың айтуынша, биылғы тасқын маусымында Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары жоғары тәуекел аймағында қалып отыр. Қазіргі таңда елдегі су қоймаларының жағдайы тұрақты.  Бүгінде Теріскейдегі айдындардың  67 пайызы, шығыста 81 пайызы суға толған. Бірақ сыйымдылығының 95 пайызы суға толып,  шекті деңгейге жетуге сәл-ақ қалған  Өскемен  қоймасы ерекше бақылауды қажет етеді. Инфрақұрылымды нығайту үшін биыл 175 гидротехникалық нысан тексерістен өтеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп. 1-наурыздан бастап тәулік бойы жұмыс істеп келе жатқан жедел штаб әр 10 күн сайын болжамдарды жаңартып, сақтық шараларын күшейтіп отыр.